|
|
Жақыннан көргіштік Адамның көру қабілеті жастайынан сынаққа түседі. Баланың жанарының өткір болуы үшін қарапайым тұрмыстық ережелерді сақтау керек
Адам көз арқылы өзін қоршаған ортаны таниды, табиғаттың небір таңғажайып сұлу көріністерінен эстетикалық ләззат алады, оқып, білім алады. Яғни, өмірдегі қажетті ақпараттың 90%-ға жуығын адам тек көз арқылы игеретін көрінеді. Көздің дұрыс жетілуі және оның көру қабілетінің қалыптасуы адамның жас шағынан басталады. Қазіргі кезде көз ауруларының түрі жылдан-жылға артып келеді. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарының деректеріне қарағанда, дүние жүзінде жақыннан көргіштік көз ақауы бар (миопия) балалардың саны жыл сайын көбейіп, оның диоптриялық дәрежесі жоғарылай беретіндігі анықталып отыр. Миопия сөзі грек тілінен аударғанда «көзімді сығырайтып қараймын және көзқарас, көру» деген мағынаны білдіреді. Яғни, алыстан жақсы көре алмайтын адамның сығырайып қарайтын әдетіне сай айтылса керек. Қазақ мұндайды «сығыр» деп те айтады. Медициналық көзқарас тұрғысынан алғанда, жақыннан көргіштік (миопия) немесе күшті рефракция — жарық сәулесі, яғни бейнелер көздің торлы қабығының тікелей өзіне емес, алдыңғы жағына жинақталады. Бұл жағдайда көздің өткірлігі тек жақыннан байқалады; алыстағы заттардың көрінуі тұманданып бұлдырай түседі.
СИПАТЫ МЕН САЛДАРЫ
Орта мектепті бітіретін оқушылардың 40%-ға жуығында миопия кездесетін көрінеді. Оның себептері өте көп. Мысалы, сыртқы ортаның қолайсыздығынан жақын жерден баланың көзіне үнемі күш түсуі. Яғни, жарық қуаты жеткіліксіз күңгірт, алакөлеңке жерде жазу, сурет салу, оқу және т.б., отыратын үстелдің, партаның және орындықтың баланың бойына сәйкес болмауы, ұзақ уақыт бойы теледидар көру. Жақыннан көргіштіктің дәрежесі диоптрия бірлігі арқылы анықталады. Жақыннан көргіштіктің бірлігі артқан сайын баланың алыстан көруі нашар болады.
Миопия дәрежесіне қарай үшке бөлінеді:
• 1,0-ден 3,0 диоптрияға дейінгі әлсіз;
• 3,25-тен 6,0-ға дейін орташа;
• 6,25 диоптриядан бастап жоғары.
Ал, этиологиясы бойынша:
• Осьтік миопия кезінде көз алмасының алдыңғы-артқы диаметрі ұзарып, ол дөңгелек болмай, сопайып кетеді;
• Рефракциондық миопияда көздің жарықты сындыру күші молайып, ол фокустық (анық көрінетін) арақашықтықты азайтады.
Көз алмасы диаметрінің ұзаруға бейімдігіне қарай:
• Стационарлы;
• Прогрессивті болып екіге бөлінді.
Көз тініндегі дистрофиялық өзгерістердің болуына қарай:
• Қарапайым;
• Күрделі деп аталатын түрлерге бөлінеді.
Жақыннан көргіштік баланың мінез-құлқына, тіпті тәртібіне де әсер етіп өзгертеді. Ол ұмытшақ болып, тез шаршайды. Қолындағы заттарын көзіне тақап қарайды, шүйлігеді, басын төмен салбыратып жүреді, бүкшеңдей бастайды. Бұлардан басқа, көзі талып, басы ауырады. Кейбір балалар алған затын мұқият қараудан титықтап, ақырында көзі қитарлана бастайды. Осындай ауру белгілері бар балаларды көз дәрігеріне (офтальмолог) көрсету қажет. Медицинада жақыннан көргіштікті тұқым қуалайтын және жүре пайда болған деп екіге бөліп қарастырады. Ата-анасының біреуінің көзі алыстан нашар көретін болса, ол балаға да әсер етуі мүмкін. Әрі мұндай туа біткен миопияның асқыну қарқыны да жоғары болады. Жүре пайда болған миопияның себептері жетерлік. Компьютерлік ойындар, теледидарға ұзақ қарау баланың көзіне аса зиян.
Бұдан басқа себептерге:
1. Дұрыс тамақтанбау;
2. Күн сәулесі түспейтін, тек электр жарығының астында ойнау;
3. Омыртқа жотасының қисайып, жүрісінің бұзылуы;
4. Қимыл-қозғалыс ойындарының аздығы;
5. Тым ұсақ ойыншықтармен ойнау;
6. Иммунитеттің әлсіздігі жатады.
ТАМАҚТАНУ РЕТІ
Баланың көзіне А, Е, Д дәрумендері және магний, кальций, хром, мыс, мырыш, азот қышқылы керек. Ас мәзіріне сәбіз, жаңғақ, асқабақ, ақжелкен мен аскөкті көбірек қосу керек. Олардың құрамындағы дәрумендер ағзаға жақсы сіңуі үшін өсімдік майымен немесе қаймақпен бірге жеу керек. Қаражидек, итбүлдірген, мүкжидек сияқты өсімдіктердің көздің көру қабілетін қалпына келтіретін тамаша қасиеті бар. Сонымен бірге кептірілген жемістерде, әсіресе, өріктің қағында пайдалы ферменттер жетерлік. Балаға сүт тағамдарын, қуырылған немесе ысталған емес, асылған ет пен балық беру керек. Консервілер мен қуырылған тамақтарды, тәтті тоқаштарды неғұрлым жемеуге тырысқан жөн. Баланы жастайынан ағзаға пайдалы ас мәзіріне бейімдеп, үйреткен дұрыс.
ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС
Компьютердің көзге зияндылығын барлығымыз білеміз. Алайда, оның алдында сағаттап ойын ойнайтын немесе мультфильм көретін баланы тежеуге айла таппай, дәрменсіздік танытамыз. Бұл теледидарға да қатысты. Мәселені шешу үшін балаға көз ауруының алдын алатын сақтық шарасын үйреткен абзал. Мысалы, компьютердің алдында 30 минуттай отырғасын міндетті түрде көзді жұмып, 3 минуттай отыру немесе көзге 15 минуттық арнайы жаттығу жасау керек. Қазір ата-аналардың көпшілігі бала жұмысына кедергі болып, аяғына оралмасы үшін компьютерлік ойын қосып беруді әдетке айналдырған. Бұл дұрыс емес.
Дені сау, саналы да жігерлі, еркін өзі билей алатын бала қалай қалыптасады?
Ең алдымен, ата-анасы оның тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлгенде, яғни компьютер, теледидардан басқа да өмірде толып жатқан қызықтардың барына баланың көзі жетуі тиіс. Далада, табиғат аясында ойнату, атқа міну, велосипед тебу, қуаласпақ, футбол, хоккей ойнау, сырғанақ, шаңғы, коньки тебу, сурет салу, музыка — осының барлығы баланың жан-жақтылы дұрыс дамуына негіз болады. Балабақшада нашар көретін балаларды әдетте жарық көзіне жақын отырғызады. Тәрбиеші көзілдірік алған балалардың көзілдірігін тағып жүруін қадағалауы керек. Көзілдірік балалардың көзіне сәйкес, тексеріліп алынуы қажет (көзілдірік шынысының орталығы көз орталығымен бірдей болуы, ал көзілдірік доғалары құлаққа ілуге ыңғайлы болуы керек). Баланың көзілдірігі үнемі қисайып, түсе беретін болса, ол өте зиян, сондықтан, осы кемістікті тез арада жөндеткен жөн. Егер көзге қатысты гигиеналық талаптарды сақтап, дәрігердің кеңестерін бұлжытпай орындаса, ауру асқынбай бір қалыпты тұрады. Баланың көзіне түсетін ауырлықты шектеп, көбірек таза ауада болуын, ойнауын, шынығуын қадағалау жөн.
КӨЗГЕ ПАЙДАЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЙМЫЗ
1. Үйдің іші жарық болуы тиіс, күн сәулесі мол түсуіне жол ашып, терезелердің әйнегін еш нәрсе көлегейлемеуі, таза болғаны жөн. Алайда, шаңқай түсте шақырайған күн сәулесін түсірмей, перде тұту керек. Тым жарықтың да зияны жетерлік.
2. Бала үстелге отырып, жазу, сурет салумен айналысқанда жарықтың тек сол жағынан түскені дұрыс. Кешке қуаты 100 Вт-тан кем болмайтын, төбеден түсетін электр жарығын қосу керек.
3. Компьютердің мониторы қол созымдай қашықтықта тұруы тиіс, әрі монитор оның дәл ортасы көздің деңгейінен 15 см-дей төмен болатындай етіп орналастырылғаны жөн. Жарығы бәсеңдеу болуы тиіс. Монитор аларда ақшаны үнемдеп, сапасызын алып жүрмеңіз. Арзан монитор көзге өте зиян болады.
4. Баланың үстел басында отырған қалпын қадағалаңыз. Арқасын тік ұстап, басын тұқырайтпай отыруы тиіс. Аяғының астына биіктетіп бір зат қою керек. Көзі мен үстел үсті арақашықтығы 33-35 см-дей болуы тиіс, ал кітап қараса немесе оқыса, оны арнайы кітап қойғышқа салып қойған жөн.
5. Теледидарға дейінгі қашықтық оның диагоналінен 5 есе алыс болуы тиіс.
6. Бөлменің ауасын жиі желдетіп, мүмкіндік болса, ауа ионизаторын пайдаланған дұрыс. Ақшамда, күңгірт жерде, көлікте және жатып кітап оқуға мүлдем болмайды.
КӨЗГЕ АРНАЛҒАН ЕМДІК-САУЫҚТЫРУ ЖАТТЫҒУЛАРЫ
Түрегеліп тұрған қалыпта орындалады:
1. Жоғары қарап тұрып, көзді жылдам төмен түсіру ( 6-8 рет);
2. Диагональ бойынша: алдымен жоғары оңға, одан соң төмен солға қарау ( 6-8 рет);
3. Горизонталь жазықтық бойынша оңға және солға қарау ( 6-8 рет);
4. Диагональ бойынша жоғары-солға, кейін төмен-оңға қарау ( 6-8 рет);
5. Беттің орта тұсы деңгейінде қолды алға созып, бір саусаққа тесіле қарау және саусақты біртіндеп көзге тірелгенше жақындату (6-8рет);
6. Сұқ саусақты кеңсірікке қойып, оған екі көзбен бірдей қарау ( 10-11 рет);
7. Көз алмасын сағат тілі бойынша айналдыра қарау және керісінше. Жаттығуларды тұрақты түрде жасауға тырысу керек.
"Бопем" журналы, №8 (01) қаңтар 2012
|
|
Посмотреть все рекламные объявления
[ Разместить рекламное объявление ]
30 000 тенге за 6 месяцев, или 40 000 тенге за 12 месяцев.
Раскраски

Веселое видео


Посмотреть все видео
|
|