|
|
Жас нәрестені құндақтаудың сыры «Жаңа туған баланы жаялыққа орап, жанын қинамау керек» деген пікірді соңғы кездері жиі естиміз. Бұл дұрыс пікір ме?
Құндақталған баланың сипап сезу қабілеті дұрыс дамымайды, жалпы баланы жаялыққа орау ескіден қалған дәстүр. Себебі, бұрынғы кезде жаңа туған балаларға арналған киім-кешек өндірісі қазіргідей дамымаған еді. Баланың қол-аяғын тастай қылып орау оны қинаумен тең. Соңғы кезде жас босанған аналардың әңгімесінен балалар дәрігерлері мен психологтарына сілтеме жасай отырып айтылатын осындай пікірді жиі еститін болдық. Енді мәселенің анық-қанығына жетуге тырысып көрелік. Бір қызығы, баланы жаялыққа орауға қарсы шығатын, сәбилер жанашырларының пікірін тыңдасақ, жаялыққа орау деген қиын да ұзаққа созылатын үдеріс сияқты көрінеді. Яғни, оларды тыңдасақ, ана баласын туғаннан бастап, тіпті аяғы шығып, шауып жүрген кезінде де қинап, құндақтауға тырысатын сияқты әсер қалады.
БҰЛ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН ТӘСІЛ?
Мұндай қисынға сыймайтын тұжырым жасаушылар құндақтаудың қайдан шыққанын, қай халықтың тұрмыс-салтына тән екенін анық білмейтін болуы керек. Бұған қоса, құндақталған баланың сипап сезу қабілеті дұрыс дамымай қалады деген пікір білдірушілерді баланың құрсақтағы даму ерекшелігінен мүлдем бейхабар ма деп қаласыз.Өйткені, баланың құрсақішілік даму физиологиясы заңдылықтарына сәйкес анасының бойына біткеніне үш ай толысымен баланың терісінің сезгіштігі, яғни жалпы сипап сезу қабілеті қалыптасады. Төрт айға жеткенде қимыл-қозғалысының икемділігі артып, бала қолын аузына апарып, тіпті саусағын соруды, жұдырығын түюді үйренеді. Бастапқы кезеңде салмағы жеңіл бала қағанағының (шарананың) ішіндегі суда емін-еркін қозғалады. Аяқ-қолын ара-тұра жатырдың қабырғасына тигізіп, табанын тірейді және алақанын басып көреді. 32 апта өткесін баланың салмағы артып, денесі өскендіктен, құрсақта бұрынғыдай емін-еркін қозғала алмайды. Сөйтіп бала өскен сайын денесінің көп бөлігі жатыр қабырғасымен жанаса түседі. Ал, анасының босанатын мерзімі таяған сайын жатыр аздап жиырылып тұрады. Бұл белгіні Брекстон-Хикс толғағы деп те атайды. Яғни, жатыр осылайша жиырылған кезде бала денесін біреу қысып құшақтағандай әсерде болады. Баланың тууына бір-екі апта қалғанда оның қолдары денесіне жабысып, қолын иықтағы буынынан айналдыра қозғалта алмайды. Сөйтіп, екі қолын денесіне тигізе, қысып ұстау баланың құрсақішілік әдетіне айналады. Сәби дүниеге келген соң, үйреншікті, тар болса да жайлы ортасынан мүлде басқа, ол үшін шетсіз-шексіз кеңістікке тап болады. Жаңа ортаға бейімделіп кеткенше, ол құрсақішілік әдеттерін сақтайды. Жаңа туған кезде еш жері оралмай бос жатқан бала қол-аяғын сермеп, жылайтыны белгілі. Оның себебі, анасының құрсағында қалай қозғалса да, оның табаны мен алақанын тірейтін жері болатын, яғни сәби жатырдың қабырғасын сезінетін. Аяқ-қолы ербеңдеп, еш жерге тірелмеген кездегі баланың шошынуын табан тірейтін жері жоқ, терең суға батып бара жатқан ересек адамның қорқынышымен теңестіруге болады. Осындай кезде анасы баланың қол-аяғын басып ұстап, құшағына қысса, ол бірден тыныштанады. Дүниеге келген сәбидің сипап сезу қабілеті, жатырда жатқан кезіндегі сияқты тұтас денесіне, әсіресе, табаны мен алақанына тиген нәрсені сезіну арқылы дамиды. Яғни, денесіне тиген жаялық, киім-кешек, өзінің қол-аяғы, үлкендер құшағына алып көтерген кезде, денесіне дене жанасқаннан баланың сипап сезу қабілеті дамиды. Бала шошынбай, аяқ-қолының қозғалысын меңгеруі үшін бастапқы кезде оны мүлдем бос қоюға болмайды.
ҚҰНДАҚТАУДЫҢ ДА ЖӨНІ БАР
Егер жас босанған ананың ата салтымыз бойынша баланы бесікке салып өсіретін жағдайы болса, тіпті тамаша. Баланы бесікке салудың қаншалықты пайдалы екендігін, тұрақты оқырманымыз болсаңыз, журналымыздың өткен санындағы мақаладан оқыған боларсыз. Ал, қазіргі кезде жас аналар түгіл, немере сүйгелі отырған апаларымыздың көпшілігі, әсіресе қалалық жерде тұратындары, баланы бесікке бөлеудің жай-жапсарын, шыны керек, білмейді. Оның үстіне сапалы, дұрыс жасалған бесік табу да қиын шаруа. Бесікті манеж сатып алған сияқты кез-келген балалар тауарларын сататын дүкеннен таба алмайсыз. Бұл, әрине, өкінішті жағдай. Оның үстіне жоғарыда айтылған баланың қол-аяғын туа сала бос қою керек деген пікірді ұстанған, өзі жас, яғни тәжірибесі жоққа тән ана босанған соң үлкен қиыншылықты басынан өткереді. Баласы қолды-аяққа тұрмай шырқырап жылайды, тек анасы көтерсе ғана тынышталып, қолға әбден үйреніп алады. Қолға үйренген бала анасының екі қолын, әрине, бірдей байлайды. Бірақ қазіргі кезде иықтан асыра іліп, баланы ішіне салып, денеге байлап алып жүруге болатын, слинг немесе кенгурятник сияқты пайдалы заттар жетерлік. Қанша дегенмен баланы көтеріп жүру жас босанған ананың әлі қата қоймаған беліне, омыртқасына зиян. Жаңа туған баланы денесін бірқалыпты температурада тоңдырмай жылы ұстау керек. Сәби шырқырап жылаған кезде ересек адам қолына алып көтерсе, бірден уанатынын білеміз. Бұл баланың қарны ашпаса да, денесіне қарапайым жылудың жетіспегендігінен жылайтынын, анасы құшағына алған кезде тар құрсақтағыдай, денеге дене жанасып, жайлы күй кешетінін білдіреді. Баланы жаялыққа орағанның жөні осы екен деп, аяқ-қолын қозғалтуға мүмкіндік бермей, сынған жерді матағандай, тастай қылып орауға болмайды. Ең дұрысы, бала аз да болсын қол-аяғын жыбырлата алатындай бостау қылып ораған жөн. Тағы бір айта кететін жайт, жаялыққа орайтын баланың үстіне жұқа ит көйлектен басқа киім кигізбеу керек. Бала өскен сайын біртіндеп өз денесін игере бастайды. Сөйтіп туғанына 10-30 күн толғанда сәби қолын сермеуден шошынуын қояды, бірақ кейбір балалардың 3-6 айға дейін ұйықтап жатып, өз қолының қимылынан шошып оянатын кездері болады.
Баланың екі қолын бос қойып, қолтығының астынан жаялыққа орауды дұрыс деп айта алмаймыз. Ал, егер бала жаялыққа орап қойғаннан кейін иығын қозғай-қозғай қолын жаялықтың сыртына шығарып алып, тіпті саусағын сорып жатса, оны қайта шұғыл түрде «дұрыстап тұрып» орауға асықпай-ақ қойыңыз. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізсін, саусағын сорып әбден рахаттансын. Әдетте, саусақ сору туғанына бір апта толған баланың қалыпты түрде дамуының белгісі ретінде саналады.
Өз бетін өзі тырнап тастамауы үшін кигізетін, жеңінің ұшы бітеу ит көйлектер мен қолғаптарды балаға ұзақ кигізуге болмайды. Әсіресе, оның құндақтаулы кезінде. Өйткені, баланың қолы қалай қозғаса да тек шүберекке тиетіндіктен, денесін сезіне алмайды. Соған орай оның сипап сезу қабілеті де төмендейді.
ЖАЯЛЫҚТАН ШЫҒАТЫН КЕЗ
Баланы жаялыққа ораудың нақты белгіленген мерзімі жоқ. Кейбір балалар жаялықта жатқанына үш апта өткен соң-ақ, қол-аяғының қимылын игеріп кетеді. Ал, қайсыбір сәбилер алты айға дейін бос жатқан қол-аяғының ербеңдеуінен, әсіресе түн ұйқысынан оянғанда, шошып жылайды. Яғни, баланы жаялыққа ораудың қажет немесе қажет емес екендігінің басты көрсеткіші — баланың аяқ-қолының қимыл-қозғалысын өзі басқара алатын дәрежеге жетуі. Егер бала ұйықтап жатқан кезде қолын сермеп қалып, шошып оянса, оны, әсіресе ұйықтаған кезде, әлде де жаялыққа орау керек. Егер бұлай шошынбай, тыныш ұйықтаса, ораудың қажеті жоқ. Жаялықтан шыққан соң, үйдің температурасы балаға суық тиіп қалмайтындай жылы болса, оны ара-тұра үстіне бір қабат ит көйлегін ғана қалдырып аз уақытқа жартылай жалаңаш жатқызып қоюға болады.
Баланы әуреленіп, жаялыққа орап жатқаннан дайын киімді кигізе салған, әрине, оңай. Есіңізде болсын, перзентіңіздің денсаулығы мықты, жүйкесі сау боп ержеткенін қаласаңыз, қандай мәселеге қатысты болсын өзіңізге ыңғайлы жағын емес, балаға жайлылығын бірінші орынға қойыңыз.
"Бопем" журналы, №7 (12) желтоксан 2011
|
|
|
Агентство по подбору персонала в семьи и организации
|
Няни, домработницы, повара, логопеды, психологи, репетиторы. Курсы для нянь.
Алматы
|
|
Магазин «Ballet Kids»
|
Магазин товаров для хореографии, гимнастики и балета.
Алматы
|
|
«БИОСФЕРА»
|
Удобный поиск лекарств в аптеках Вашего города!
www.biosfera.kz
|
|
Педиатрический Центр "Карудо"
|
Широкий спектр услуг высококвалифицированных врачей. Ваш ребенок получит полное обследование и консультации специалистов.
www.karudo.kz
Алматы
|
|
Творческая студия «Класс!»
|
Школа для малышей.
Подготовка к школе.
Хореография.
Живопись. Вокал. Театр.
Алматы
|
|
Детский сад "Лучик"
|
Раннее развитие с года, радуга знаний, творческое ателье, танцы, театр, спорт.
Алматы
|
|
Bib big Home
|
Акцентная мебель сделана в Казахстане!!! тел. 2695396
8 701 758 00 85
www.Bigbighome.kz
Алматы
|
|
Интернет-магазин детских товаров из Японии!
|
Японские подгузники Merries, Moony, Goo.N от 3950тг
rad-company.kz
|
Посмотреть все рекламные объявления
[ Разместить рекламное объявление ]
30 000 тенге за 6 месяцев, или 40 000 тенге за 12 месяцев.
Раскраски

Веселое видео


Посмотреть все видео
|
|