|
|
Жүкті әйелдің терісіне қандай күтім қажет? Жүкті әйел терісінің созылмалы талшықтары үзілуге бейім тұрады. Мұның алдын алмаса, кейін теріде ақ жылтыр, жіңішке жолақ түрінде із қалып қояды.
Тоғыз ай бойы жүкті әйелдің ағзасы мен дене бітімі үлкен өзгеріске ұшырайды. Әсіресе, құрсағы кеңіп, омырауына уыз сүт жиналып үлкейген сайын терісі де созылады. Кейбір әйелдердің терісі осындай салмаққа шыдамай, омырау, құрсақ тұсынан ыдырап, орнында бозғылт күлгін жолақтар пайда болады. Кейіннен олар ағарып, жылтырап көрінеді. Косметологтар терідегі мұндай ақ жолақтарды стриялар деп атайды. Бұл терінің созылмалы талшықтарының үзілуінің белгісі. Терінің созылғыш, серпінді болуы оның құрамындағы эластин мен коллаген атты ақуыз-полимерлерге байланысты. Аяғы ауыр әйелдің ағзасында жүретін гормоналды өзгерістердің нәтижесінде аталмыш ақуыз-полимерлердің түзілуі азаяды. Осы ақуыздар жетіспегендіктен тері ыдырап, оның орны біртіндеп байланыстырушы тіндер арқылы бірігеді. Терінің ыдырауына тек қана ағзадағы гормоналды өзгерістер әсер етпейді. Бұл сонымен бірге тұқым қуалайды және жүкті әйелдің аз уақыт ішінде көп салмақ қосуы да себеп болады. Аяғы ауыр әйел терісін әдемі қалпында сақтап қалғысы келсе, құрсағы тым үлкейіп кетпей тұрғанда терісіне күтім жасауды бастағаны жөн. Ол үшін арнайы косметикалық заттарды пайдаланып, емдік шаралар қолданып, массаж арқылы терінің созылғыштығын арттыру керек.
ҚАРАПАЙЫМ ТӘСІЛ
Жүкті әйелдің іші мен омырауының көлемі ұлғаятындықтан, олардың терісі де ыдырауға дайын тұрады. Омырауға түскен салмақты азайту үшін сапалы омырауқап тағу керек. Ал, құрсақтың терісі ыдырамауы үшін оның астыңғы жағынан демеп тұратын бандаж тағудың пайдасы көп. Омырауқаптың мақта матадан тігілген, иыққа ілінетін таспасы жалпақтау түрін таңдаңыз. Осындай үлгі кеудеңізді қыспай, омырауды астыңғы жағынан демеп тұрады. Бандаж таңдау мәселесі бойынша дәрігермен ақылдасыңыз. Себебі, кейде дәрігерлер денсаулығына байланысты аяғы ауыр әйелдің бандаж тағуына рұқсат бермейді. Қазіргі кезде бандаждардың түрі жетерлік: ышқыры кіндіктен жоғары, ішті толығымен жауып тұратын іш киім түрінде тігілген бандаж, созылмалы белдік түрінде, астары микрофибрадан тігілген бандаждар да болады.
ТАМАҚТАНУ МӘСЕЛЕСІ
Жоғарыда айтып өткеніміздей терінің серпінді болуы үшін коллаген мен эластин ақуыздары қажет. Сондықтан жүкті әйел ақуызға бай өнімдерді тамаққа пайдаланғаны жөн. Жұмыртқа, сүт тағамдары, сиырдың еті, бауыр мен С дәруменіне мол тағамдар жеудің тері үшін пайдасы зор. Олардың құрамында коллагеннің құрылымдық компонеттері болғандықтан бұл тағамдар коллаген ақуызының синтезін жақсартады. Дұрыс тамақтансаңыз салмақты біртіндеп, аз-аздан қосасыз. Егер осы аталған ақуыздар азайса, терінің коллагенді талшықтары тым жіңішкеріп кетеді де, үзілгіш келеді. Тері тіні мықты болуы үшін ағзаға қосымша қанықпаған май қышқылдары да қажет. Олар өсімдік майы мен жаңғақтардың құрамында өте көп. Ал, тәтті тоқаштар мен қант-кәмпитті қоя тұрып, оның орнына жемістер мен көкеністер жеу керек.
ТАБИҒИ ДӘРУМЕНДЕР
Кейбір өсімдіктер теріге пайдалы қасиеттері жағынан заманауи косметикадан бір кем түспейді. Осындай өсімердің майын, суға қайнатып, тұнбасын терінің күтіміне пайдалансаңыз болады. Мысалға, итмұрын, бүрген, қырмызы, бадам мен бидайдың өскінінің майын терінің ыдырауға жақын тұстарына таңертең және кешке айналдыра массаж түрінде жағып тұрыңыз. Сонымен бірге зәйтүн майының да құрамында Е дәрумені көп. Ол теріні ылғалдандырады, тінінің беріктігін арттырып, жасушалардың тез жаңаруына ықпал етеді. Қарақат, жалбыз, итошаған, түймедақ, лаванда, жасмин, итмұрынның гүлдерінің құрғақ күлтелерінен жасалған қоспа теріге өте пайдалы. Осы құрғақ қоспаның 30-50 г-ына үш литр суық су құйып, оны отқа қойып, қайнағанға жеткізбей отты өшіреміз. Бір сағаттай тұрғасын, сүзгіден өткізіп осы тұнбаны ваннадағы суға құямыз. Ваннаға қосымша бірнеше ас қасық зәйтүн майын да қосуға болады. Тек судың температурасы 37 С-тан аспауы тиіс. Ал мұндай ваннаға 10 минуттан артық түсуге болмайды.
МАССАЖДЫҢ ПАЙДАСЫ
Массаж тері жасушаларындағы зат алмасу үдерісін қалпына келтіріп, қан айналымын жақсартады. Массаждың алдында және одан кейін де терінің ыдыраудың алдын алатын арнайы май немесе кремді жаққан дұрыс. Массаждың бірнеше түрін кезекпен ауыстырып жасау керек. Дәрігермен кеңескенде зияны жоқ деген уәж айтса, шым-шым және салқындау суды алмастыра отырып, яғни контрастылы душ арқылы массаж жасау да теріге пайдалы. Атқылап тұрған суды терінің ыдырауға анағұрлым бейім тұстарына айналдыра тигізіп массаж жасаңыз. Алдымен жылы судан бастап, салқын сумен аяқтаңыз. Жағдайыңыз келсе, бұл массажды күніне екі рет, таңертең және кешке жасауға болады. Бұған қоса, бөксеңіз бен жамбасыңызды, құрсағыңызды дымқыл түкті орамалмен ысқылап тұрыңыз.
КӘСІБИ КЕҢЕС
Жүкті әйелдер терісіне күтім жасау үшін қандай крем таңдаған жөн? Олардың құрсақта жатқан балаға зиянсыз түрлері қандай? Аяғы ауыр әйелдерді алаңдататын бұл сұраққа косметолог дәрігерлер жауап бере алады. Олар фармацевтикалық зерттеулер нәтижесіне сай өндірілген, дәріханаларда сатылатын кремдер мен майларды қолдануға кеңес береді. Мұндай косметиканы сатып аларда қорапшасының сыртында немесе нұсқаулығында жазылған ақпаратты мұқият оқып шығу керек. «Жүкті болған кезде және босанғаннан кейін де қолдануға болады» немесе «Бала емізіп жүргенде қолдануға болады» деген жазуы бар косметикалық заттарды алаңсыз пайдалануға болады. Құрамында ши майы, эсцин, бөрібұршақ сығындысы, авокадо протеині, мельтодекстрин, сквалан, токоферолы бар косметика аса пайдалы келеді. Жүкті әйелге іш жүргізетін, несеп айдайтын дәрілерді ішуге болмайды. Жүктіліктің соңғы тоқсанында тамаққа салатын тұзды азайтқан жөн. Қызғылт сары түсті көкеністер мен жемістерді көбірек жеңіз. Омыраудың қалпын сақтауға мынадай қарапайым жаттығулардың аз да болсын пайдасы бар. Қолыңызды екі жаққа созып тұрып, жоғары-төмен қозғалтыңыз. Осы қалпыңызда ауада қолыңызды шеңбер сызғандай айналдыра қозғалтыңыз; омырауыңыздың деңгейінде қолыңызды алға созып, екі алақаныңызды бір-біріне тигізе, күшпен қысып, қайта босатыңыз. Жаттығуларды тұрақты түрде жасауға тырысыңыз.
"Бопем" журналы №7(12) желтоқсан 2011
|
|
Посмотреть все рекламные объявления
[ Разместить рекламное объявление ]
30 000 тенге за 6 месяцев, или 40 000 тенге за 12 месяцев.
Раскраски

Веселое видео


Посмотреть все видео
|
|